ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қымбатты отандастар! Ардақты ағайын! Қадірменді халық! Ең асыл құндылығымыз - қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық торқалы тойымен баршаңызды шын жүрегіммен құттықтаймын! Қазір ғана менің алдымда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы болған істің бәрін айтып, барша азаматқа өзінің тілегін, мағыналы сөзін жолдады. Оған қосып, бөліп айтатын сөз де жоқ. Барлығы қамтылды. Сондықтан құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге шын жүрегіммен мазмұнды баяндамаңыз бен ел басқарған кездегі менің еңбегіме берген аса жоғары бағаңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін», - деді Елбасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара барысында.
ҚР Тұңғыш Президенті Тәуелсіздік алған кезеңдегі қиындықтарға тоқталып өтті.
«Тәңірге тәубе, көздегеніміз бен көксегенімізге жеттік. Көктен тілегеніміз, күткеніміз болды. Күткен есемізді, барлығын алдық. Кемісімізді толтырдық. Аруақ қолдады, әділет орнады. Мың өліп, мың тірілген қасиетті халқымызға қайта келдік. Мыңжылдықтар тоғысында байырғы мемлекеттілігіміз қайта жаңғырды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.