ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының ядролық қару шиеленісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бізді Азия кеңістігіндегі милитаризация үрдісі, атап айтқанда Солтүстік Корея айналасындағы шиеленіс алаңдатады. Мәселенің жалғыз шешімі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қатысушылары тарапынан Солтүстік Корея қауіпсіздігінің пәрменді кепілдігін жасап шығару деп ойлаймын. Бұл Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасын тоқтата тұру жөніндегі сәйкес уағдаластықты тезірек орнатуға итермелейді», - деді Елбасы Astana club пленарлық отырысының ашылуында.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды қадам – Пхеньян мен Сеул арасындағы сенім шаралары каталогын жасау.
«Бұл Корей түбегіндегі жағдайды тұрақтандырар еді. Аталған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау үшін АӨСШК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі) алаңын пайдалануды ұсынамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.