09 қаз, 2019 сағат 16:59

Назарбаев Шпекбаевты қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесті, деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті агенттіктің тиімділігін арттыру аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық тәжірибені қолданудың маңыздылығын атап өтті.

- Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені жетілдіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдадық. Алайда, шет елдердің тәжірибесін зерттеуді жалғастырып, қылмыстың осы түрімен күресудің озық тәжірибелерін енгізуіміз керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне қатысуы қажеттігіне назар аударды.

- Халық сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресуі қажет. Заң бұзылған жағдайда азаматтар уақтылы хабарлауға тиіс, ал мемлекет белсенді азаматтарды қолдауы керек, - деді Елбасы.

Кездесу барысында А.Шпекбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа орталық мемлекеттік органдармен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп «Адалдық алаңы» жобасын іске асыру барысы туралы баяндады.