Елбасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті еліміздің экономикасында қордың маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, оны әрі қарай дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталды.
– «Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасы үшін маңызы зор. Ол мемлекеттің негізгі активтерін басқарып отыр. Қазіргі уақытта ахуалы жақсы. Металдар бағасының конъюнктурасы қолайлы болып қалуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ө.Шөкеев Мемлекет басшысына биылғы 7 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы, сондай-ақ қорды және оның еншілес кәсіпорындарын трансформациялау барысы туралы баяндады.
– Қордың өндірістік және баға көрсеткіштері былтырмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Жалпы, қордың жағдайы тұрақты. Қазір еншілес компанияларда трансформациялаудың 130-ға жуық жобасы енгізілуде. Жекешелендіруге қатысты айтар болсақ, жоспарланған 2015 нысанның 60%-ы жекешелендірілді. Бүгінде ірі компанияларды сатуға кірістік, – деді «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы.
Сондай-ақ, Ө.Шөкеев Халықаралық IFSWF-2017 тәуелсіз әл-ауқат қорлары форумын өткізуге дайындық барысы жөнінде айтты. Онда әлемдік экономика жағдайындағы инвестициялық саясат мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.