30 қаң, 2017 сағат 21:49

Назарбаев ресми мәлімдеме жасады (Видео)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлімдеме жасап, ертең жария болатын Жолдаудың негізгі тақырыбы туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Құрметті қазақстандықтар! Қасиетті отанымыз тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды. Ширек ғасырда елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, Қазақстан-2030 стратегиясын жүзеге асырып, асқақ астанамызды салдық.  Ал қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрмыз.

Ертең қаңтардың 31-інде менің халыққа Жолдауым ақпарат құралдарында жарияланады. Мен биылғы жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Басты тақырып «Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы заңға сәйкес, Президенттің жолдауды ауызша және жазбаша түрде жасауына болатынын, өзінің биыл екінші жолын таңдағанын айтты.

Еске салайық, 25 қаңтарда Қазақстан Президенті қазақстандықтарға арнайы үндеу жасаған болатын. Президенттің билік тармақтарын үлестіру мәселелері бойынша үндеуі телеарналар эфирінде таратылды.