27 сәу, 2022 сағат 14:45

Назарбаев пен оның отбасын қорғайтын заңның күші жойылады – Қошанов


Қазақстан Конституциясында Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет негізін қалаушы деген тарихи рөлі ғана қалады.

Ал Елбасы мен оның отбасын қорғайтын, артықшылықтар беретін Тұңғыш Президент туралы заңның күші жойылады. Бұл туралы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап берген спикер Конституциядан Елбасының мәртебесі мен артықшылығы туралы баптар алынып тасталғанын атап өтті.

"Конституцияда тек қана мемлекеттің негізін қалаушы деген тарихи рөлі ғана қалды. Сондықтан осы норма қабылданғаннан кейін, Тұңғыш Президент туралы Конституциялық заң да күшін жояды деп күтілуде", - деді Қошанов.

Ол Конституциядан Елбасы деген сөз алынып тасталғанын айтты.

Сонымен қатар, Қошановтың айтуынша, Назарбаевқа қатысты экс-президент туралы норма қолданылады. Бүгінде бұл норма Конституцияда да, Президент туралы заңда да бар.

Бұл ретте Мәжіліс төрағасы экс-президент туралы норма Назарбаевқа қандай құқық пен құзырет беретінін нақтылады.

"Біріншіден, ар-намысы мен абырой-беделін қорғауға құзырет береді. Екіншіден, әлеуметтік жағынан қорғау, яғни зейнетақысы, көлігі, күзеті бар. Осы мәселелер мемлекет тарапынан реттеледі", - деді ол. Ол жерде Назарбаевтың отбасын жауапқа тартуға қатысты норма бар ма деген сұраққа спикер "ондай норма жоқ" деп жауап берді.

Айта кетері, 2000 жылы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" конституциялық заң қабылданған болатын. Оған сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қорғалады.

Конституциялық заң бойынша Назарбаевты ұстауға, қамаққа алуға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге, күзетпен ұстауға болмайды.

Сонымен қатар, Елбасы мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі барлық жеке мүлікке тиісуге және шектеу қоюға болмайды.

Жеке мүлікке тұрғын және қызметтік үй-жайлар, қызметтік көлік, байланыс құралдары, хаттар, құжаттар кіреді. Тиіспеушілік Қазақстан Тұңғыш президентінің – Елбасының қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Бұдан бөлек, конституциялық заң Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі банк шоттарының құпиялығына және оған қол сұқпауына кепілдік береді.