08 мау, 2017 сағат 12:30

Назарбаев: Қытай біздің жетекші саяси және экономикалық серіктесіміз

Қазақстан Қытайдың көмегімен Тынық мұхитына шыға алатын транзиттік елге айналды. Бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қытай біздің еліміздің жетекші сыртқы саяси және сыртқы экономикалық серіктестеріміздің бірі саналады. Ширек ғасырдың ішінде біз бірқатар ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асырдық, сауда-экономикалық байланыстарды кезең-кезеңімен дамыту қамтамасыз етілді», - деп атап өтті Елбасы.

ҚР Президенті бүгінде индустриалды-инновациялық ынтымақтастық бағытындағы қазақстандық-қытайлық бағдарламаның жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Аталған бағдарлама жалпы сомасы 28 млрд  долларды құрайтын 51 жаңа жобаны Қазақстанға көшіруді әрі құруды қамтиды. Бүгінде оның үшеуі іске қосылған, алтауы бойынша жұмыстар жүргізілуде. 10 жоба дайындалып жатса, тағы 16 жоба жүзеге асыру кезеңінде тұр.

«Бүгінгі келіссөздер барысында біз энергетика, көлік, ауыл шаруашылы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, сонымен бірге трансшекаралық су көздерін пайдалану және қорғау қауіпсіздік жүйесін нығайту, әсіресе ғылыми техникалық және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық жайын талқыладық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қытайдың Жібек жолы экономикалық белдеу бастамасы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне де жете назар аударғандығын айтты.

«Біз бұл идеяны  белсенді қолдадық және «Нұрлы жол» бағдарламамыз Қазақстан арқылы батысқа қарай Жібек жолының табиғи жалғаса саналады. Мұхитқа шығар мүмкіндігі жоқ еліміз ҚХР-дің көмегімен Қытайдың шығыс облысындағы Тынық мұхитына шыға алатын транзиттік елге айналды. Бүгін біз көрмеге барып, бірлескен жолдарымызды түйіндестіретін байланыстар, өзара қарым-қатынастар жайында айтатын телекөпір ашатын боламыз», - деді Елбасы.