- Корей компаниялары Қазақстандағы жекешелендіруге қатыса алады. Бұл туралы бүгін Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында аталған елдің жетекші бизнес өкілдерімен кездескен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Сеулден.
Мемлекет басшысы корейлік бизнесмендерге елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлікті қолдау шаралары жайында айтып берді. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылғандығын, оның ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтіндігін түсіндірді. Мұнан бөлек, 2017 жылы елордада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Корея Республикасын қоса алғанда 100-ден астам мемлекет пен 17 халықаралық ұйымның қатысатындығын айтты және корейлік компанияларды осынау шараға белсене қатысуға шақырды.
«Мұнан бөлек, мен сіздерге жаппай жекешелендіру саясатын жүзеге асырып жатқандығымыз жайында айтқым келеді. Біздің 800-ден астам ірі компаниямыз жекешелендіруге шығарылды. Министрліктеріміз бен ведомстволарымыз сіздерге толыққанды ақпарат бере алады. Біз корейлік компанияларды оған және жалпы бизнесті қаржы орталығы мен индустриалды бағдарламаларға қатысуға шақырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Назарбаев Қазақстанда индустриаландыру бағдарламасы аясында 770 жаңа кәсіпорын құрылып, 100 мыңдаған жұмыс орны құрылғанын айтты. Ал «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында елімізде 7 мың шақырым көлік, темір жолдары, әуежайлар, Каспийде теңіз порты салынып, жаңғыртылатындығын атап өтті.