- Елордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының екінші отырысы басталды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Халықаралық деңгейдегі шараға әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге жетекші қазақстандық сарапшылар қатысуда.
Айта кетерлігі, клуб отырысы кеше басталған болатын. Ол күні сарапшылар өңірдегі елдердің ұстанымы, экономикалық даму, инфрақұрылым, ресурстық сектор проблемалары, адам капиталын дамыту және өзге де өзекті мәселелерді жан-жақты талқылаған-ды. Ал бүгін халықаралық сарапшылар Мемлекет басшысымен кездесуде. Ертең және одан арғы күні клуб отырысына қатысушылар «Еуразия тоғысында: Өңірлік пробелмаларға негізгі әлемдік ойыншылардың көзқарасы», «Еуразия ресурстары: «Алтын ғасырдың» соңы ма?», «Еуразия адамдары: тұрақсыздық көзі ме әлде байлық көзі ме?» сынды сессияларда Еуразия өңіріне қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқыламақ.
Астана клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады.
Астана клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер мәселелері талқыланған болатын.