Астанада өтiп жатқан республика судьяларының VII съезі барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесi үшiн ең басты мәселе халықтың қалтқысыз сенiмi екенiн айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Негiзгi мәселе – Қазақстан халқының сотқа деген көзқарасы, қарым-қатынасы қандай? Көңiлi көншiдi ме? Барлық мәселелермен сотқа бара ма, әлде әлi күнге дейiн Президентке хат жаза ма?! Мәселе осында. Бiз реформа жасадық, өйттiк-бүйттiк деп отырмыз, бiрақ ең бiрiншi мәселе халықтың сотқа сенуi, сотқа баруы болуы керек. Баяғыдан келе жатқан бiрдеме болса райкомға, обкомға бару, бастықтарға жазу әлi күнге дейiн тоқтаған жоқ. Осы мәселеге көңiл бөлу қажет», - деп қадап айтты Президент.
Айта кетейiк, Астанада республика судьяларының VII съезі өтіп жатыр. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар - барлығы 600 делегат қатысып жатыр.
Республика судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтеді. Тәуелсіздік жылдары iшiнде алты съезд (алғашқысы 1996 жылы) өтті. Маңызды жиын сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындысы шығарылып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.