Мемлекет басшысы отандық БАҚ өкілдерімен сұхбат барысында елорданың болашағы туралы айтып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Универсиада сияқты шараларға салынған инвестиция қаншалықты ақталды? Отандық БАҚ өкілінің осындай сұрағына жауап бере келе Мемлекет басшысы Астана қаласының болашағына қатысты ой-пікірін айтып өтті.
«Қандай да бір мақсат жолында осындай сұрақтарға мән бере берсең, діттеген жеріңе ешқашан жете алмайсың. Тек қана сұрақтарға жауап берумен боласың. Мысалы, Астананы не үшін көшірдік? Бұрын осы сұрақты барлығы қоятын. Қазір миллион тұрығыны бар қалаға айналған кезде, бұл сұрақты қоймайтын болды. Сол сияқты кез келген жаңа бастама оңайшылықпен жүзеге аспайды. Уақыт өтеді, көреді, сезінеді, сонда ғана мойындалады», - деді Елбасы.
Осылай дей келе, Мемлекет басшысы Универсиадаға жұмсалған қаржының ақталғанын тілге тиек етті. Универcиаданың арқасында салынған екі мұз айдыны, қаншама спорт кешені бүгінде халықтың игілігіне қызмет етуде. Универсиададан кейін қысқы спорт түрлерімен шұғылданғысы келетін адамдардың саны 60 пайызға көбейген. Сонымен қатар, осынау шара үшін 1748 пәтер салынса, қазір ол пәтерлер жылдар бойы кезекте тұрған алматылықтарға берілуде. Яғни, осы тұрғыдан келгенде Универсиада ел үшін үлкен табыс әкеліп отыр.
Сол секілді елорданың құрылысына салынған қаржының орны да бүгінде еселеп толуда.
«Қазір Астана қаласы ел бюджетіне жыл сайын 1 триллион теңге әкеледі. Қала халқы төрт есеге өсіп, миллион тұрғынға жетті. 25-30 жылдары мұнда 2 миллион халық тұрады деп ойлаймын. Негізі мен мұнда 500-550 мың халқы бар таза әкімшілік қала жасағым келген. ЭКСПО-ға қатысты айтатын болсақ 115 ел қатысты. Біз жоспарлағаннан екі есе артық - 4 жарым миллион адам келді. Егер апта сайын, ай сайын келген қазақстандықтарды есептесек, 20 миллионнан асып кетеді. Барлық нысан толы болды. Барлық шағын және орта бизнес объектілері осының арқасында пайда тапты. Демеушілер қаржы берді. Белгіленген қаржының жартысы үнемделді. Астанада тамаша аудан тұрғыздық. Осының барлығы халқымызға қызмет етіп тұра бермек», - деді Елбасы.