Қазақ тілі халықты біріктіреді. Бұл туралы бүгін Тараздағы Достық үйінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жүздесу барысында Қазақстан Президенті күні кеше ғана Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барып келгенін, екі елдің арасындағы барлық қатынастар жан-жақты дамып, жақсарып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ халықты рухани жаңғырту мәселесіне тоқталды.
«Рухани жаңғыру - бұл бос сөз емес. Қазіргі уақытта әлем өзгеруде, біз, әсіресе жастар оған бейімделуі керек. Ақпараттық технологиялар әлемі жаңа білімді, жаңа түсініктерді талап етеді. Уақыт оқтай зымырауда. Қоғам да, әлемде даму үстінде. Біз одан қалып қоймауға тиіспіз. Сондықтан адам ең алдымен өзін өзгертіп, күн сайын, өмір бой оқуы тиіс. Универсиетті бітіріп, допломды қалтаға салып қою жарамайды. Артта қалып қойғың келмесе өмір бойы оқы. Бұл ретте жастар үшін бейтаныс ештеңе де жоқ», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қажетсінген адам кез келген тілді үйрене алатындығын баса атап өтті.
«Меніңше, мемлекеттік тіл қазақ тілін адамдардың басым бөлігі түсінген жағдайда ол бірігудің, жақындасудың белгісі болар еді. Егер сен бір елдің тілін білсең, онда сені барған жеріңде жақсы көреді. Шет елге барғанда ағылшын тілін білсең оларға жақын боласың. Неміске барып, немістің тілін білсек, оларға жақын боласың. Сол сияқты қазақ тілі елдерді біріктіреді. Мақсат - осы», - деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Қазақстанда ешкімді де қазақ тілін білуге тиіссің деп мәжбүрлемейтіндігін, әр ұлт өзінің тілін, мәдениет, салт-дәстүрін дамытуға барлық мүмкіндігі бар екендігін айрықша айтты.