15 жел, 2016 сағат 12:04

Назарбаев Данияр Елеусіновтің «Алға, Қазақстан!» ұранын ресми бекіту ұсынысын қолдады

- Ұранымыз - "Алға, Қазақстан!" болсын. Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Әрине, бүгін қуаныш, бүгін мереке. Барлығымыздың тойымыз. Той үстінде тойға байланысты тілектер айтылады. Сондықтан  менің атыма да көп сөздер айтылды. Әрине, адам ретінде оның бәрін тыңдау жаныңа жағады. Дегенмен мындай қыруар жұмысты қандай болса да бір адам еңсере алмайды. Сондықтан басымды иіп, халқыма ризашылығымды білдіремін", - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайларда сенім артып, соңына ілескен халқына алғысын айтты.

"Бұл халқымыздың, қазақтың тағы бір ұлы ерлігі болып саналады. Осыдан еш уақытта танбайық. Біз тарихтан білеміз, қазақты еш уақытта сырттан келіп жау алған жоқ. Алдымен ішімізді ірітіп, бір-бірімізге айдап салып, "бөл де жаулап ал" деген саясатты жүргізді. Қазақтың басы  біріккенде барлық жауды жеңіп отырған. Сондықтан бірлігімізден танбайық. Бір болсақ, бірге болсақ, алдымен қазақтың бірлігі, екінші көп этносты еліміздің бірлігі, бізге деген сенім болса барлық айтқанымыз болады. Ертеңнен бастап  екінші 25 жылдыққа аяқ басамыз. Екінші 25 жылдық бітіп, Қазақстанның 50 жылдығында  мұнан да керемет сөздер айтылатындығына сенемін", - деді Елбасы.

Сонымен қатар Назарбаев бүгінгі жиында Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің Қазақстанның ұранына қатысты ұсыныс жасағанын айта келе: "Мұны қолдаймын. Ұранымыз - "Алға, Қазақстан!" болсын", - деді.   

Айта кетейік, салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген  Данияр Елеусінов Қазақстан Президентіне: "Әлемдегі көптеген мемлекеттердің ұрандары бар. Жастарды жігерлендіріп, азаматтарды біріктіретін бірақ ауыз сөз. Біздің бабаларымыз да ұран шақырылғанда бір тудың астынан табылған. Осыған байланысты спортшылардан өзіңізге ұсыныс бар. «Қазақстан, тек қана алға!» деген сөзіңізді еліміздің  ресми ұранына айналдырсақ. Бұл барша патриоттардың мәңгілік ұраны болар еді", - деген еді.