05 қыр, 2016 сағат 08:26

Назарбаев: Дамушы елдерді ауқымды жұмыссыздық алаңдатып отыр

"Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық журналистермен өткен брифингте G20 саммиті туралы өз әсерлерімен бөлісті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Мен Санкт-Петербордағы саммиттен кейін, Төраға Си Цзиньпиннің шақыруымен G20 саммитіне екінші рет қатысып отырмын. Әлем экономикасының жартысының, дүниежүзі халқының 70%-ның атынан келген мемлекет басшылары қатысқан мұндай ірі шараға қатысу - Қазақстан үшін үлкен мәртебе. Мұнда жаһандық экономиканың, жаһандық саясаттың өзекті мәселелері талқыланады, қауіпсіздік мәселелері бойынша әлемдік, аймақтық істер бойынша ортақ позиция жасалады», - деді Мемлекет басшысы. 

Н.Назарбаев саммиттің бірінші сессиясында заманауи жаһандық мәселелер бойынша Қазақстан болжауларын таныстырғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, теңдестірілген жаһандық экономикада АҚШ нық сеніммен тұрса, Еуропа елдері мен дамушы елдер экономикалық мәселелерге алаңдаушылық білдіруде. 

«Дамушы елдерді ауқымды жұмыссыздық алаңдатуда. Ғылыми-техникалық прогресс пен технологияның дамуға байланысты адамдардың көпшілігі қысқартуға ұшырады (...) Мұның бәрін Қазақстан ескеріп, ойға түйіп, алдын ала шаралар қолдануы тиіс. Яғни, ортақ шешім мынау: Қазақстанды индустрияландыру, мұндай қиын кезеңдегі біздің мемлекеттік инвестицияларға қатысты бағдарламаларымыз өте дұрыс. Жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап тұру, жаңа жұмыс орындарын ашу және дағдарыспен күрестен экономикалық өсуге бет алу керек. Дәл осы мәселені 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында талқылаймыз», - деді Н.Назарбаев.

Еске салсақ, 1 қыркүйекте Н. Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыртуымен G20 саммитіне қатысу үшін Қытайға келді. Бірінші сессияда Мемлекет басшысы жаһандық экономика мәселелерін шешу жолдары туралы өз болжамдарын айтты.