25 қаз, 2016 сағат 16:41

Назарбаев Cауд Арабиясында Ислам даму банкінің президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын нығайтуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға Ислам даму банкі елеулі үлес қосқанын атап өтті.  

"Қазіргі таңда біз "Астана" халықаралық қаржы орталығын құрудамыз. Ислам даму банкі оның қызметіне атсалысатынына сенімдімін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Әңгіме барысында банк пен Қазақстанның ортақ жобаларының жалпы құны 1,3 миллиард доллардан асқаны атап өтілді. 2015 жылы Ислам даму банкі құны 665 миллион доллар болатын 4 жобаны қабылдап алған. 

Бандар бен Мұхаммад Хаджар біздің республикамен табысты ынтымақтастық одан әрі жалғасып, банк Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға қатыса береді деп үміттенетінін жеткізді.

Cондай-ақ, Мемлекет басшысы Сауд Арабиясында Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен кездесті. Келіссөз барысында Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүшелігі аясындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі жайттары талқыланды.

Тараптар Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бүгінде құрамына 32 ел кіретін халықаралық азық-түлік қорының жұмысын ілгерілету мәселелерін қарастырды.

Бұдан бөлек, Ияд ибн Әмин Мадани Мемлекет басшысын Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық қақтығыстарды реттеуге бағытталған барлық бастамаларын қолдайтынын айтты.