Мемлекет басшысы Қарағанды облысының активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кеңесте Елбасы облыстық мәслихаттың депутаттары кандидатурасын мақұлдаған өңірдің жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныстырды.
Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде еліміздің және Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңірдің экономикасы 23 есе өсті, индустрияландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер проблемасы жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударып, президенттік вертикальді сақтаудың аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Елбасы бірқатар өзекті міндеттерді орындау қажеттігін айтып, облыс тұрғындарын елдің экономикалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды.
– Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша облыстардың арнаулы рейтингін жасап, жыл сайын индустрияландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайындаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік аясын кеңейту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру арқылы өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды.
– Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индустрияландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елдегі әкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойды.
Кездесу соңында Қарағанды облысының жаңа әкімі Қазақстан халқына және Президентіне ант берді.