15 мам, 2017 сағат 09:21

Назарбаев Бейжіңдегі форумда бес ұсыныс айтты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда өтіп жатқан халықаралық форумда "Бір белдеу, бір жол" бастамасын жүзеге асыру бойынша бес ұсыныс айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі Бейжіңнен. 

Назарбаев форумға қатысып жатқан 20 мемлекет және үкімет басшыларына халықаралық әрекеттестіктің ең басты бес мәселесін қарастыруды ұсынды.  

"Біріншісі, жолдардың өсіп келе жатқан транзит әлеуетін тиімді игеру үшін тауарлардың өтуін жеңілдететін сервис деңгейін жоғарылату керек әрі әкімшілік кедергілерді жою қажет, бұл мақсатта Қазақстан нақты шаралар қабылдап жатыр. Ал бұған лайықты сараптамалар мен қаржыландыру қажет. Азия банкі осындай бағдарламаларды белсенді қаржыландыруы керек деп есептеймін - бұл болашаққа инвестиция құю", - деді Қазақстан Президенті. 

Назарбаев екінші пунктінде Жібек жолы бойындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

"Үшіншіден, біз инновациялық және техникалық даму саласында белсенді әріптестік орнатуға жұмылуымыз керек. Ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық зерттеулер орталықтарын ашуды бірігіп қаржыландыру мәселесін қарастыру ойға қонымды, сондай-ақ, инновациялық технологиялар компаниялары мен венчур қорларын қаржыландыру абзал. Осы контексте дөңгелек үстел қатысушыларының назарын қазақстандық ғалымдардың Жібек жолы халықаралық ғылым академиясын құру бойынша бастамасына аударғым келеді. Бұл идеяны қытайлық әріптестер, сонымен қатар, 16 елдің ғылыми мекемелері қолдады. Бастамаға қолдау көрсетесіздер деп үміттенеміз", - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. 

Елбасы қоршаған ортаны сақтап қалу мәселесіне назар аударып, төртінші ұсыныс ретінде көлік күре жолы болатын құрлықіші трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін атады. 

"Бесіншісі - "Белбеу және Жол" идеясының басты даму шарттарының бірі тартылған елдердің өзара сенімі мен олардың тең құқылы әртарапты әріптестікке дайындығы екені сөзсіз, бұған осы форумды бұдан кейін де өткізу ықпал етер еді. Осы процесте Азиядағы сенім әрекеттестігі бойынша жиындар жақсы көмекші бола алады, оның аясында қауіпсіздік сенімі шараларын нығайту бойынша әріптестік тәжірибесі мол", - деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің сөзінше, Қытай "Бір белдеу, бір жол" бастамасын көтеруі арқылы әлемге өңірлік кооперацияның жаңа моделін көрсетті. Бұл әдіс - "біріккен даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу" - халықаралық әріптестіктің жағымды формасы, ол осы жол бойынша ондаған елдің экономикалық мүддесін көрсетеді. 

"Жыл сайын Тынық мұхитынан Атлантикаға дейін жаңа әрі жылдам бағыттар игеріліп жатыр, оның арқасында Еуразияның өзіндегі сауда көлемі 2020 жылы 1,2 триллионнан асады деп болжанып отыр", - деді Елбасы.