07 нау, 2017 сағат 15:57

Назарбаев баладан қалай данышпан тәрбиелеп шығаруға болатынын айтып берді

Қазақстан Президенті баласын ізгі данышпан етіп өсіре алған ана туралы аңыз айтып берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бала туралы сөз қозғаған кезде бір әңгіме еске түседі. Бір күні бала мектептен анасына мұғалімінің хатын әкеліп береді. Ана хатты ашып, оқыған соң, көзінен еріксіз жас домалады. Баласы анасынан: «Анашым, неге жыладыңыз?! Хатта не деп жазыпты?» деп сұрай бастады. Анасы оған: «Хатта сені данышпан депті, енді бұл мектеп сені ары қарай оқыта алмайтынын жазыпты. Сен бұдан былай үйде, ата-ананың қолында өздігімен оқуыңды жалғастыруың керек. Көп жылдар өтеді, анасы өмірден озған. Ол ескі қағаздарды ақтарып отырып, сол бір хатты тауып алады. Онда: «Балаңыз ақыл-есі кем дамыған, енді ол біздің мектепте оқи алмайды» деп жазылыпты. Ол кісі - Томас Эдисон. Оның жарық шамдарын әлі күнге дейін біз қолданып жүрміз. Ұлы өнертапқыш. Анасының берген бағасы мен үлкен сенімі адамды кемеңгер етті», - деді Президент бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күні -  8 наурыз мерекесіне орай, «Көктем шуағы» әйелдер қауымдастығының нәзік жанды өкілдерімен кездесуінде.

«Сіздер де, біздер де, отбасының отына қамқор болу, балаға тәрбие беру Сіздердің басты міндеттеріңіздің бірі. Ана сүтінде біздің халықтың әлеуметтік жады сақталған. Аналар еңбекке, қанағатқа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Отбасында тәрбие деген ең басты құндылық. Ана айтқан бесік жыры адамды өмір бойы бірге жүреді деп тегін айтпаған ғой. Барлығымыз да есте сақтап жүрміз, тіпті менің де есімде», - деп атап өтті Елбасы.

Президент саяси жаңғыртуда әйелдердің де рөлі жоғары екенін ерекшелеп өтті.

«Жақында Конституцияны қарастырдық, бірқатар өзгерістістер енгіздік, бұл заман талабы. Осылай істеу керек болды. Біз өз қоғамымызды біртіндеп демократияландыратындығымызды, оны жақсартып, қазіргі заманға сәйкестендіре беретіндігімізді бұның алдында айтқан болатынбыз», - деп жалғады сөзін Президент.

Айта кетейік, кездесуге Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, ғалым-микробиолог Әлия Ерназарова, Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, ақын Толқын Қабылша, әнші Мария Галицкая, «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері, аудандық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Рәзиева, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, көпбалалы ана Оксана Мукашева, қобыздан халықаралық байқаулардың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Астана қалалық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Назилия Раззак, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко, ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының аға маманы Римма Рамазанова, актриса Салтанат Бақаева, журналист Венера Мирланқызы қатысуда.