Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еңбеккерлерге құттықтау жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
"Астық жинау - диқандар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы науқанның бірі. Егін ору нәтижелері мемлекеттегі азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты айқындайды. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында Қазақстан өзінің жетекші астық державасы екенін тағы да дәлелдеді. 21 миллион тоннадан аса астық жиналды. Соның үштен екісінен астамы әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы өнімге жатады. Майлы дақылдар егілетін егістік алқабы айтарлықтай көбейді. Жалпы, астық жинау науқанының қорытындысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр.
Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптандыруға бағытталған саясат жүргізуде. Оны әрі қарай ілгерілетудің маңызды шарты - қайта өңделген өнім шығаруға көшу. Қазақстан әлемдегі экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі елдің бірі болуға тиіс.
Біз халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жоғары бағалаймыз. Сіздерді егін ору науқанының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық және Отанымызды одан әрі өркендету жолында толағай табыс тілеймін!", - делінген Елбасының құттықтауында.