ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев неліктен жыл сайын көктемде Алматыға баратынын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өздеріңіз білетіндей, Елбасы кеше Алматы қаласындағы резиденциясында бірнеше кездесу өткізген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сұxбаттарында Алматы сүйікті қалаларының бірі екенін үнемі айтып жүреді. Ендеше, Алматы қаласымен оны не байланыстырады? Президент телерадиокешенінің мұрағаты бұл сұрақтың жауабын берер видео жариялады.
«Алматы көрікті де, жасыл, менің туған әрі сүйікті қалам. Шынымды айтсам, ол жаққа барғанда толқып тұрамын. Бұл біздің елдің көркем де, жап-жасыл шаһары. Біздің үйді бақ қоршап тұратын. Одан бөлек, үй іргесіндегі телімнің өзі жарты гектар аумақты алып жатты ғой деймін. Осынау жарты гектар бүкіл отбасыны асырады. Бұл алмалы бақ еді. Алматыда алма ағаштары гүлдеген кезде айнала құлпырып кетеді. Міне, сол кезде мен міндетті түрде сонда барамын. Жыл сайын алмалы бақтың ішінде түскен фотосуреттерім бар. Бұл менің естелігімдегі өшпес әсер», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті.