Қамауда отырған ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жеке дәрігерлері аштық жариялаған саясаткердің анализін жариялады, деп хабарлады BBC.
Дәрігер Анастасия Васильеваның сөзінше, Навальныйдың қанынан калийдің шамадан тыс мөлшері анықталған және мұның салдары ауыр болуы мүмкін, тіпті жүрегі тоқтап қалуы ықтимал.
Алексей Навальный аштықты түрме әкімшілігінің дәрігерлерді кіргізбей қоюына наразылық ретінде жариялаған.
Әлеуметтік желілерде Навальныйға медициналық көмек көрсетуге үндеу жарияланып жатыр.
Ал АҚШ президенті Джо Байден дәрігерлердің ескертуінен соң Навальныйдың жағдайын "әділетсіз" деп атады.
"Бұл толықтай әділетсіз және қисынсыз" деді Байден Делавер штатындағы Уилмингтон қаласындағы баспасөз мәслихатында журналистерге сұрағына жауап бере отырып.
Бірқатар Нобель сыйлығының лауреаты мен әлемге танымал мәдениет қайраткері Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, Алексей Навальныйға медициналық көмек көрсетуді сұрады. Хатқа барлығы 70 жазушы, публицист, суретші, ғалым және музыкант қол қойған.
Қол қоюшылар арасында Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Джон Кутзее, Светлана Алексиевич, Луиза Глюк, Герта Мюллер және Орхан Памук бар. Сонымен қатар үндеуге Пулитцер премиясының иегері Арт Шпигельман, актерлер Стивен Фрай, Бенедикт Камбербэтч, Дэвид Духовны, жазушылар Том Стоппард, Джоан Роулинг және Майкл Каннингэм қосылған.
- Қаңтарда Мәскеу соты Алексей Навальныйды 2014 жылғы "Ив Роше" ісі бойынша шартты жазаның талабын бұзды деп екі жыл сегіз айға бостандығынан айырды. Осы үкімге бастамашыл болған Ресей жазаны атқарудың федералды қызметі (ФСИН) Навальный қайда жүргені туралы уақтылы баяндап тұрмады деген.
- Былтыр тамызда Алексей Навальный Томскіден Мәскеуег ұшып бара жатып есінен танған. Омбы ауруханасында екі күн жатқаннан кейін оны ес-түссіз күйі Германияға алып кеткен. Көп ұзамай Навальный есін жиды, ал Германия үкіметі оның қанынан "Новичок" уы табылғанын мәлімдеді.
- Желтоқсанда Bellingcat тобы бірнеше тәуелсіз басылыммен бірлесе жүргізген зерттеуін жариялап, Навальныйды улаған ФСБ деді. Артынан Навальныйдың өзі улауға қатысы бар ФСБ агенті деген адамға қоңырау шалып, ол адам улауға қатысы барын абайсыз растап қойған.
- Мәскеу бұл айыптың бәрін мойындамайды.