Иранның қоғам қайраткері, Парсы тілі мен әдебиеті академиясының президенті Ғоламәли Ходдад Аделдің Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Наурыз – тек Иран жұртына ғана тән емес, сондай-ақ өңіріміздің бүкіл халықтарына тиесілі ұлы мейрам. Осы кең байтақ өңір елдерінің барлығы Наурызды ұлықтап, қадір тұтады. Мен Наурызбен Қазақстан жұртын құттықтаймын. Келу кезеңін Ай мен Күн айқындайтындығы тұрғысынан, Наурыз - теңдессіз мейрам. Жаңа жылдың бастауы болып келетін Наурыздың адами тұлғалық, әлеуметтік, ұлттық, саяси әрі діни оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ. Бұл - аспан денелерінің айналыс-қозғалысына, күн мен түннің теңелуіне, ыстық пен суықтың реттелуіне, табиғаттың түлеуіне байланысты мереке. Сондықтан, Наурыз – біз оны қолмен реттеп, өзгерте алмайтын тетік-құбылыс. Ол - жер бетінде Жаңа жыл бастауы болып саналатын аспани сағат», - делінген құттықтауда.
Ғоламәли Ходдад Аделдің айтуынша Наурыз – тіршілік бастауы, түлеудің бастауы, көктеп-өнудің бастауы, теңелудің, қалыпқа түсудің бастауы, шаттық пен думанның бастауы. Осы тұрғыда, Наурыз барлық жерде мейраммен, шат-думанмен, үмітпен қабысқан.
Табиғат көктемнің келуімен ұйқыдан оянып, бойкүйездік пен дерт-кесалаттан арылса, Наурыз да бізді, адамзатты, жаңа көктемде тың күш пен жаңа думанға шақырады.