Алматыда вакциналау қарқынын арттыру қажет, өйткені жағдай нашарлауы мүмкін. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онлайн брифинг барысында басқарма басышысы коронавирус инфекцияның «төртінші толқыны» әлі аяқталмағанын еске салды.
«Эпидемиялық жағдайдың жақсаруы коронавирустың төртінші толқыны аяқталды дегенді білдірмейді.Сондықтан вакциналау қарқынын арттыру керек, өйтпеген жағдайда вирус қайта өршуі мүмкін. Бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 899 784 адам, екінші компонентін 779 870 тұрғын»,- деді ол.
Спикердің сөзінше, бұл жеткіліксіз, өйткені ұжымдық иммунитет әлі қалыптаспады.
«Егер біз індетке қарсы шараларды сақтамасақ, эпидемиологиялық жағдай ұшығып кетеді. Әсіресе, қазір оқушылар мен студенттер офлайн оқуға көшкен кезде сақ болуымыз керек», - деді Нариман Табынбаев.