03 қыр, 2019 сағат 13:23

Нан бағасы тұрақты сақталады — ҚР АШМ

Қазақстан Республикасы Үкіметі алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров астық нарығындағы ахуал мен нан бағасы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, нан бағасы тұрақты болып қалады, бағаның айтарлықтай ауытқу жағдайлары күтілмейді.

«Жыл басында мен нан бағасының өсуін тежеу туралы айттым. Азық-түлік корпорациясы арзандатылған астықты наубайханаларға 100-ден 150 мың тоннаға дейін сатады. Біз 100 мың тонна астық саттық. Содан бері нан бағасы тұрақты», — деді С. Омаров.

Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы министрі ауа-райы жағдайларына байланысты биыл 1-1,5 тоннаға аз өнім жинау болжалғанын атап өтті. Бұл жағдай ішкі нарыққа әсер етпейді.

«Егер біз 19 млн тонна астық жинасақ, оның 9 миллионы ішкі нарықта қалады, біз 7-8 миллион тоннасын экспорттаймыз, 2 миллион тонна астық қалады. Сонымен қатар, бізде былтырғыдан қалған астық бар. Оның көлемі – 1,5 миллион тоннаны құрайды. Жалпы, бізде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті», — деді министр.

Сонымен қатар, С. Омаров атап өткендей, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сатып алатын 1 миллион тонна астықтың ішінде нан өндірушілер үшін 150 мың тонна көлемінде, құс фабрикаларв үшін 100 мың тонна көлемінде резерв бар.