09 ақп, 2017 сағат 11:26

М.Жолдасбеков: «Біз ұлтшылдықпен алыстық, сендер ұлтсыздықпен күресесіңдер!»

Бүгін «Қазмедиа» орталығында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков халық назарына ұсынылатын өнер туындыларының сапасын сынап, көрерменнің талғамы таязданып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«1972 жылы Ғабиден Мұстафин 70 жасқа толды. Сөйтіп, маған бір тапсырма беріліп, «Қазақстан» телевидениесінде Ғабиден ағамды қасыма алып, 1 сағат 15 минут хабар жүргіздім. Сонда ағамыздың «Шырақтарым, біз ұлтшылдықпен алыстық, сендер енді ұлтсыздықпен күресесіңдер!» деген сөздері құлағымда қалыпты. Бұл өте терең сөз. Біз қанша дамыдық деп, көкірек керіп, мақтанғанымызбенен, ұлттың тарихын, қасиетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтай алмасақ, онда бұл мемлекет кімдікі болмақ?», - деді жиын барысында сөз алған Мырзатай аға.

Осы орайда ол ұлттық құндылықтарымызды насихаттау Ақпарат және коммуникация министрлігіне жүктелген үлкен міндет екенін алға тартты. Және олардың экрандарымыздан, эфирлерімізден шеттетілуі көрермен талғамын төмендететінін бас айтты.

«Жасырып-жабатыны жоқ, кейінгі кездері осы құндылықтарымыздың өзі экрандарымыздан, эфирлерімізден шеттеңкіреп қалып жатыр. Мұның орнына, кейде естігенде қарным ашады, кешегі Мағжанның, Ілиястың, асқақ Қасым Аманжолов сынды ағаларымыздың өлеңдерінен гөрі, Ақан сері мен Біржанның әндерінен гөрі, халықтың асыл әндерінен гөрі, мияулаған, адам не сөзін, не әнін түсінбейтін әндердің қаптап келе жатқаны мені қатты ойландырады», - деді қоғам қайраткері.