Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айрылып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Баршаңызға мәлім, былтыр егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда 30 жыл тым көп уақыт емес. Халқымыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарды. Көптеген табыстарға қол жеткізді. Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айрылып қалуымыз мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жеткенін баса айтты.
«Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақыты және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым», - деді Тоқаев.