Жұма күні Мысыр елінің оңтүстігінде екі жолаушы пойызының соқтығысуы салдарынан 32 адам қаза болып, кем дегенде 66 адам зардап шекті, деп хабарлайды ТАСС.
Қайғылы оқиға ел астанасы Каир қаласынан оңтүстікке қарай, Соқаг провинциясында болған. Үш вагон аударылған. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына 36 жедел жәрдем көлігі жіберілді, олар зардап шеккендерді жақын маңдағы ауруханаларға жеткізіп жатыр.
Мысырдың Бас прокуратурасы апатты тергеу амалдарын бастады, ал Көлік министрі Кәмел әл-Уазир – екі пойыздың машинистерін қамауға алуды бұйырды. Тергеушілерден арнайы комиссия құрылып, оның жұмысын елдің премьер-министрі Мұстафа Мадбули жеке бақылауына алды.
Апат салдарынан елдің оңтүстік бағытқа қатынайтын пойыздар қозғалысы толық тоқтатылған.