12 сәу, 2017 сағат 14:30

Мырзатай Жолдасбеков: Елбасының мақаласы - қазақтың жарқын болашағын айқындап берген құжат

Латын қарпіне көшетін уақыт жетті және оған толық мүмкіндігіміз бар. Бұл пікірді бүгін ҚР Мәдениет және спорт мниистрлігі жанындағы қоғамдық кеңес ұйымдастырған кеңейтілген мәжілісте мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков мәлім етті.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы -  үлкен стратегиялық мәні бар, қазақтың жарқын болашағын айқындап берген құжат. Бұл материалда Елбасы қазақ халқы әрі қарай қалай дамиды, қоғам қалай ілгерілеу керек деген мәселелердің концепциясын жасады. Соның ішінде ең күрделі мәселенің бірі - латын қарпіне көшуді Елбасы бұрын да айтқан. 2012 жылғы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісетінімізді айтқан. Бұл бүкіл қазақ зиялыларына майдай жаққан жаңалық болды. Міне енді бүгінгі талқылаған мақаласында сол армандарға жету жолдары айқын көрсетілген», - деді М. Жолдасбеков.

Оның айтуынша, Елбасы бұл мақалада қазақ халқының бағзы замандардан бері пайдаланған барлық әліпбиіне - Түрік қағанаты заманынан қалған руналық жазулардан кириллицаға дейін шолу жасап, қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын көрсетті.

"Бұл талқылаудың басы. Енді игеру, зерттеу кезеңіне көшеміз. Түсінген адамға мұндағы әр сөйлемнің астында үлкен жобалар жатыр. Енді өркениет көшінен қалмау керек. Бұрын латын қарпіне көшу қалай болар екен деп уайымдайтын едік. Қазір уайымдайтын ештеңе жоқ. Балабақшадан бастап мектеп оқушыларына дейін барлығы латынша біледі, олар ерікті түрде ағылшын тілін өз беттерімен үйреніп жатыр. Демек, ешқандай қиындық жоқ, латын қарпіне көшетін уақыт жетті және оған толық мүмкіндігіміз бар", - деп атап өтті ол.