Фото: gov.kz
Түркістан облысында 24 сәуір күні шамамен 1000 бас ұсақ малды заңсыз шетелге шығармақ болған топтың әрекеті тоқтатылды. Жедел шаралар барысында мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінің бірінде мал тиелген бірнеше жүк көлігі ұсталған, деп хабарлайды Ult.kz.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Тәртіп сақшылары жануарлар мен көлік құралдарын тәркіледі.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер қолданыстағы шектеулерге қарамастан жалған құжаттар мен қалыптасқан заңсыз арналарды пайдаланған.
Бұл шаралар ішкі нарықты қорғауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бағаның тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз экспорттауға қарсы жұмысты күшейтіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында да мал ұрлығымен айналысқан екі топ қолға түскен.
