БҰҰ-ның Мьянма бойынша арнайы уәкілі әскери төңкерістен кейін Мьянмадағы жағдай азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін деп мәлімдеді. 31 наурызда БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің жабық сессиясы кезінде Кристин Шранер Бургенер әлем державаларын жаңадан қантөгіске жол бермес үшін шара қолдануға шақырды.
Арнайы уәкіл не істеу қажеттігін нақтыламады, бірақ әскердің наразыларды аяусыз басып-жаншуы туралы сараптаманы ұсынып, Қауіпсіздік кеңесіне Мьянманың "мемлекеттілігіне қауіп төнгенін" айтты. Бұл туралы Бургенердің сөзімен танысып шыққан ақпарат агенттіктері жазды.
Бирма деген атпен де танымал Мьянма 1 ақпан күнгі әскери төңкерістен кейін және азаматтық үкімет жетекшісі Аун Сан Су Чжи қамалғаннан соң дағдарысты өткеріп жатыр. Әскери билікке қарсы шыққандар аяусыз басып-жаншылып, соның нәтижесінде кемінде 500 адам қаза болды.
Халықаралық қауымдастықтың қысымы және Батыс санкциясы хунтаны бағытынан тайдыра алмады.
Мьянманың шекаралас аудандарын шамамен 20 этникалық қарулы топ бақылайды. Олардың кейбірі бұрын елдің қарулы күштерімен қақтығысқан.