11 сәу, 2021 сағат 10:38

Мьянма әскері наразылықты күшпен басып, 80-нен астам адамды өлтірді

Мьянмада тағы бір демократияшыл наразылық акциясы өтіп, оны күшпен таратпақ болған әскерилердің қолынан 80-нен астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Азаттық.

Азияның оңтүстік-шығысындағы елде 1 ақпаннан бері жаппай наразылық акциялары өтіп келеді. Сол күні әскерилер билікті басып алып, елдің де-факто лидері Аун Сан Су Чжиді қамауға алған. Бірақ төңкеріс халықтың қарсылығына тап болып, бүкіл елде жаппай наразылық шерулері өте бастады. Акция қатысушылары Су Чжиді босатуды, елді басқарудың демократиялық тәртібін қайтаруды талап етті.

Әскерилер митингілерді аяусыз жаншып, адамдарға оқ жаудырудан тайынбады.

Қанға толы кейінгі наразылық 9 сәуір күні ел астанасы Янгонның жанындағы Баго қаласында болған. Бірақ кісі өлімі туралы бір күннен кейін бір-ақ тарады.

"Саяси тұтқындарға көмек көрсету қауымдастығы" дейтін жергілікті ұйым Багода қаласындағы наразылықта әскерилер қолынан 80-нен астам адамның қаза тапқанын хабарлады.

Өлім саны бұдан жоғары болуы мүмкін, өйткені әскерилер мәйіт толы жүк көліктерін жергілікті пагодаға жөнелтті деген ақпар бар.

Саяси тұтқындарға көмек көрсету қауымдастығының мәліметіне қарағанда, 1 ақпандағы әскери төңкерістен бері кемі 701 адам қаза тапқан.

Наразылықтың көбі бейбіт сипатта өтіп жатыр. Бірақ әскерилердің митингшілерді қырып-салуынан кейін кей шерушілер қолына қару ала бастаған.

Қантөгіс пен тұрақсыздық Мьянмадағы жиырма шақты қаруланған этностарға да ықпал етіп жатыр. Елдің шекараға шақын аумақтарында орналасқан бұл топтар әскерилермен ондаған жыл шайқасып келеді. Олардың кейбірі кейінгі апталарда әскерилер мен полицейлерді шабуылдап жатыр.

Өткен айда БҰҰ-ның Мьянмадағы өкілі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне баяндама жасап, Мьянманың құлдырау алдында тұрғанын, әскерилердің бейбіт жиындарды жаншуы күшейген сайын азаматтық соғыс қаупі артып бара жатқанын айтты.

"Халықаралық дағдарыс тобы" дейтін үкіметтік емес ұйымның сарапшысы Ричард Хорси БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін әскерилердің әрекеті елді басқаруға келмейтіндей етіп құлдыратуы мүмкін деп ескертті.

Төңкеріске дейін әскерилер елдегі шешуші қызметтерді бақылауда ұстаған, бірақ де-факто Аун Сан Су Чжи мен соның жақтастарының қолында болған. Былтыр қарашада елде парламент сайлауы өтіп, Су Чжидің партиясы айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Әскерилер сайлау әділетсіз өтті деп, күшке жүгінді.