Қазақстанның «Лотерея туралы» заңның арқасында отандық спортты дамытып қана қоймай, бәс тігу бизнесін де ашық жүйеге келтіруге де болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, лотереядан түсетін табыстың 15 пайызы спортты дамытуға жұмсалады.
«Шыны керек, бұған дейін ондай заң болмаған. «Лотерея туралы» заң өте қиын құжат болды. Дегенмен, біз оны қабылдадық. Лотереядан түсетін ақшаның аз емес екенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ қандай салық төленеді? Кімге пайда түсіп жатыр? Оған қарап отырған ешкім жоқ. Біз осы саланы ашық қылдық, бір жүйеге келтірдік. Ең бастысы, түсетін ақшаның 15 пайызы спортты дамытуға бағытталатын болады. Сосын осы саладағы әлемнің үздік компанияларын тартып жатырмыз. «Неге?» десеңіз, егер лотерея саласы жақсы дамыса, онда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларда отырған жастардың барлығын лотереяға шығаруға болады. Бұл - әлемдік тәжірибе. Ол үшін лотереяны ашық салаға айналдырған маңызды», - деп атап көрсетті Арыстанбек Мұxамедиұлы.
Айта кетейік, бүгін министр қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді. Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, спортқа арналған жаңа заңнама бойынша әрбір облыс өзіне тән спорт түрін дамытатын болады.