19 қыр, 2022 сағат 19:35

Мусин: Назарбаев туралы баптарды қылмыстық кодекстен алып тастаудың қажеті жоқ


Назарбаев туралы баптарды қылмыстық кодекстен алып тастала ма? Бұл сұрақ Орталық коммуникациялар алаңында Әділет министрі Қанат Мусинге қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетейік, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы» заң Конституциядан алынып тасталғанымен, Қылмыстық кодексте бұрынғы Президент Назарбаев жөнінде баптар әлі де бар.

Мәселен, Қылмыстық кодекстің 373-бабы (Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының бейнесін бүлдіру, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасау) және 374-бабы (Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына тиіспеушілік кепілдігін бұзу) күшінде. Бұл баптар алынып тастала ма деген сұраққа министр ол баптар «ешқандай шығынға апарып соқпайды» деп жауап берді. Оның айтуынша, Конституция онсыз да қазіргі де, бұрынғы да президенттерге «тиіспеушілікті» қамтамасыз етеді. Сол себепті министр бұл баптардың күшін жоюдың қажеті жоқ дейді.

«Бұл баптарды заң тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда олар заңға ешқандай зиян келтірмейді. Бұл баптар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы бабының қорғауында болатын жеке субъектіні белгілейді. Жоғарыда айтқанымдай, Конституция еліміздің барлық президенттеріне, оның ішінде бұрынғы президенттерге тиіспеушілікке кепілдік береді. Тиіспеушілік деп қорлаудан, өмірге қол сұғуды айтып отырмын. Заң тұрғысынан алғанда, мен оларды алып тастаудың қажеті жоқ деп санаймын. Алдағы уақытта қылмыстық кодексті қайта қарау жұмыстарын жүргізгенде ғалымдармен, практиктермен ақылдасып, мәселелерді алқалы түрде шешетін боламыз. Оны уақыт көрсетеді», - деді ол.