02 қыр, 2021 сағат 13:26

Мусин 100 мың жоғары білікті IT-маманды даярлау жұмысын түсіндірді


Бүгін Мемлекет басшысы Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауға арналған Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин IT-мамандарды даярлау жұмысын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, «отандық IT-секторды дамыту және нығайту маңызды. Елге жас, білімді, ынталы мамандар қажет».

Бүгінде елімізде IT-секторында кадрлардың айтарлықтай жоғары тапшылығы қалыптасты. Бұл экономикалық бәсекеге қабілеттілікке қолжеткізуге мүмкіндік бермейді», - деп тоқталды Б. Мусин. 

ҚР Президентінің 100 мың жоғары білікті IT-маманды даярлау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында мынандай іс-шаралар орындалатын болады:

Біріншіден, жыл сайын жеке IT-мектептерде оқыту үшін IT-ваучерлер берілетін болады. Осылайша, жеке ақпараттық технологиялар мектептері нарығына қолдау жасалып, 2025 жылға дейін 20 мың IT-ваучер берілетін болады. Бұл шара барлық ниет білдірушілерге нарықта құрылатын жоғары дәрежелі IT-мектептерінде IT-мамандарын қайта оқытуға мүмкіндік береді.

«Екіншіден, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп IT-мамандықтары бойынша бағдарламаларды өзгертуге дайындық жүргізілуде. Үшіншіден, университеттермен ақпараттық технологиялар дағдылары бар салалық мамандарды даярлау мақсатында IT-мамандықтарды бейінді өндірістермен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізуде», - деді министр. 

«Мемлекет басшысы белгілеген екінші бағыты - ұлттық компаниялардың IT-нарығымен тығыз өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Бұл үшін отандық бағдарламалық қамтылым тізілімі әзірленіп қойылған. Осы тізілім арқылы өнімдерді бір көзден сатып алу қарастырылған. Бұдан басқа, бүгінде IT-нарығы мен ұлттық компаниялар арасында коллаборацияны қамтамасыз етуге арналған SIMP платформасы жұмыс істейді. Ұлттық компанияларды осы платформаға пайдалануға тартатын боламыз. Сонымен қатар, IT-нарығын дамыту мақсатында 20 млн АҚШ доллары сомасында венчурлық ерте қаржыландыру қорын құру пысықталып жатыр. Мұның барлығы бізге, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, 2025 жылға қарай IT-қызметтері мен өнімдері экспортының көлемін кемінде 500 млн долларға арттыру бойынша алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді министр.