30 қыр, 2016 сағат 11:39

Мұхтар Шаханов: Мемлекетiмiз бейшара халге аяқ басқалы тұр ма?..

Сейсенбiде, Парламент үйiнде Жер туралы заң жобасы талқыланды. Оған қоғам өкiлдерi де қатысты. Ж.Дүйсенбин басқарған жұмысшы тобындағы жиында Қазақстанның Халық жазушысы, Түркi әлемi зиялылар одағының төрағасы, Жер комиссиясының мүшесi Мұхтар Шаханов сөз сұрады. Ұлт патриоттарының көшбасшысын сөйлетпеуге қанша тырысса да, айтылуы тиiстi жайттар депутаттар назарына бәрiбiр iлiктi. Ақын сөзiне сiз де көңiл аударыңыз, қадiрлi оқырман.                           

Мен Жер комиссиясының бұрынғы жиынында, Қазақстан Республикасы дүниежүзiнiң 114 мемлекетiне 153,5 миллиард доллар қарыз екенiн, ал Өзбекстан республикасының бiрде-бiр мемлекеттен қарыз алмағанын мәлiмдеп едiм. Бүгiнгi таңда мемлекетiмiзге бiр миллиард доллар қаржыны ел игiлiгiне жарату зор проблемаға айналып отырған шақта, осыншама үлкен деңгейде алынған қарыз қайда кеттi? Өткен жолы басшымыз бiр сөзiнде алдағы жылдан бастап, әр жанұяның, әр жылда бес-ақ рет дәрiгерлiк жедел жәрдем көлiгiн шақыра алатынын, қалған жедел жәрдем көмектерiне ақша төлеу қажеттiгiн айтты. Мәселен, мен бiр ауру ананың аптасына екi рет жедел жәрдем шақыртып, соның арқасында әлi күнге дейiн тiрi келе жатқанынан хабардармын. Сонда келесi жылдан бастап, қалтасында көк тиыны жоқ сондай науқастар о дүниеге аттанып кете бермек пе? Бұл мемлекетiмiздiң бейшара халге аяқ басқалы тұрғанын әйгiлемей ме?!

Қазақстанның жер көлемiнiң кеңдiгi мен байлығы ұзақ жылдардан берi Қытай мемлекетiн қызықтырып келе жатқаны белгiлi. Ендi Қытайдың 51 кәсiпорны, Қазақстанға көшiрiлмек. Қытай бередi деп отырған 26,2 миллиард доллар болашағымызға үлкен қауiп тудыруы мүмкiн. Қытайдың 51 кәсiпорны Қазақстан экономикасын iлгерi сүйрейдi деп сенсек те, бұл – тәуел­сiздiгiмiзге төнген үлкен қауiп. Ендi Қазақ жерiне қытай мамандары, қытай жұмысшылары және олардың отбасылары, жақын-жұрағаттары осы оқиғадан кейiн қаптайды. “Қазақстан жерi шетелге сатылмасын, жалға берiлмесiн!” деген бiздiң айқайымыздың тұмсығы тасқа тигенi барша жұртқа белгiлi болды.

Бүкiл Қазақстан халқын сiлкiндiрген, жер туралы шындыққа Атырау өлкесiнде жұрт назарын бұрған Талғат Аян мен Макс Боқаев әлi де әдiлетсiздiк тұсауында. Өкiнiшке қарай, Макс Боқаев “гепатит С” атты бауыр науқасымен ауырып жатыр екен. Қалың жұрт оның өмiрiне үлкен қауiп төнiп тұрғанын айтуда. Билiктен және сот орындарынан тез арада екi азаматты босатуды талап етемiз! 

Республикамызда үш тұғырлы тiлдiң алға шығуы, балабақшаларда әлi оң қолы мен сол қолын танып үлгермеген 2-3 жасар сәбилердi үш тiлге бейiмдеу,бiрiншi сыныптан бастап үш тiлдi оқыту – бұл ана қуатын бойына сiңiруге тиiстi бүлдiршiндердi ана тiлiнен алыстату, олардың туған ана тiлiне деген махаббатын жою және болашақта қазақ тiлiн жою деген сөз. Өркениетi дамыған Жапония сияқты елдерде бала 12 жасқа дейiн тек өзiнiң ана тiлiнде тәрбиеленiп, бiрiншi кезекте тек туған ана қуатын бойына сiңiруi тиiс екенiн ескерсек, бұл мәселенiң әлемдiк деңгейдегi педагогиканың заңына мүлде сай келмейтiн, қылмысқа бара-бар iс екенi даусыз. Ал Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиевтiң бұйрығына сәйкес, жоғары сынып оқушыларына математика, информатика, физика, химия, биология пәндерiн түгелдей ағылшын тiлiнде оқуы тиiс. Бұл кезiнде менiң аштық жариялауымның негiзiнде, бүкiл қазақ қарсы шығып тоқтатқан, түп-тамырын “америкалық ұлттан” алатын “қазақстандық ұлттың” қайта ендiрiлуi емес пе?    

Жуырда жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев “Мұсылман мешiттерiнде уағыз орыс тiлiнде болуы керек” – деп тапсырма бердi. Дiн басқармасындағы адамдар министр тапсырмасын мүлтiксiз орындауға кiрiсiп кеттi. Елiмiздiң көптеген мұсылман мешiттерiнде уағыз орыс тiлiнде жүре бастады. Бұл тiкелей мұсылман дiнiн, оның әлемдiк рухын қорлау емес пе? Әлде Ермекбаев мырзаның болашақта мұсылман дiнiн христиан дiнiне бұрып, екеуiнен бiр дiн жасамақ ойы бар ма?

Осы көтерiлген мәселелерге немқұрайлы қарамау – бәрiмiздiң ортақ борышымыз!

"Жас Алаш"