«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Жолдауы Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат екенін айтты.
Бұл туралы бүгін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында мәлім болды.
– Елбасымыздың Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгіленген. Біздің ендігі міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысына деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ, іс-шарада «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауда айтылған жаңа Қазақстандық индустрияны, агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру, тұрғын-үй құрылысы мен коммуналдық секторға жаңа технологияларды енгізу Елбасы ұсынған елді дамытудың негізгі векторы болып табылатыны айтылды.
Коалициясының отырысына елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысып, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Нәтижесінде Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматтарын жылдың басты құжатын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.
Ұлт порталы