26 шіл, 2016 сағат 20:18

Мұхамедиұлы өзін айыптаған режиссерден 1 теңге көлемінде өтемақы талап етті

«Режиссер Талғат Жәнібековті сотқа берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы моральдық өтемақы ретінде режиссерден 1 теңге төлеуді талап етіп отыр», — деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Министрдің қорғаушысы Ескендір Әлімбаевтің айтуынша, А.Мұхамедиұлының талап-арызы сотқа 19 шілде күні өткізілген.

«Өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, 2016 жылдың 19 шілдесінде Мұхамедиұлы сотқа шағымданды және өзінің ар-ожданы мен іскерлік репутациясын қорғауды талап етті. Өз талабында А.Мұхамедиұлы бұған дейін айтылған әңгімені жоққа шығарып, моральдық залал келтіргені үшін айыпталушыдан 1 теңге көлемінде символикалық өтемақы беруін талап етті», — дейді адвокат.

Е.Әлімбаевтің айтуынша, Жәнібековтің жариялаған бейнеүндеуінде Қазақстан Республикасының билігіне де кір келтірілген. Ол билік өкілдерін А.Мұхамедиұлының заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарап отыр деп айыптайды. «Жәнібеков таратқан роликте айтылған Қазақстан Республикасының билігі, Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туралы деректер шындыққа жанаспайды», — дейді Әлімбаев.

Айта кетейік, дау 2015 жылдың маусымында шыққан еді. «Феникс» фильмін түсірушілер Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігін түсірілім жұмыстарын үзіп тастады деп айыптаған еді. Кейін олар Арыстанбек Мұхамедиұлын ресейлік-америкалық Aldamisa Entertainment компаниясымен біріккен «Феникс» жобасы тоқтап қалғанына байланысты айыптаған еді. Таяуда режиссер Талғат Жәнібеков Мұхамедиұлы бопсалаумен айналысты деп мәлімдеп, видео жариялаған болатын. Айтуынша, министр фильмді қаржыландыру үшін ақша сұраған.

Еске салайық, осыған дейін министрлік өкілдері режиссер мен Мұхамедиұлының арасында шыққан дауға қатысты пікір білдірген болатын.