26 там, 2022 сағат 10:32

Мұхамедиұлы ісі: мемлекетке 7 млрд теңге шығын келген


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры А.Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Антикор мәліметінше, Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа, А.Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгені құраған.

Ведомство хабарлауынша, Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі 4 айға дейін, яғни ағымдағы жылдың 26 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Тергеу жалғасып жатыр.