28 мау, 2019 сағат 16:20

Мұғалімдерді аттестациядан өткізу: министр жүйенің қалай өзгергенін айтты

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді аттестациялау жүйесінің қалай өзгергенін түсіндірді. Бұл жүйенің кейбір тұстарын жетілдіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, бүгінде республика бойынша барлық мектепте 289 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Ал білімнің сапасы олардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан министрлік мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шараларды жүргізіп келеді.

"Мәселен, жоғары және бірінші категорияны алған мұғалімдердің саны он екі мыңға артты. Қазіргі кезде олардың үлесі 54,5 процентті құрап отыр. Былтыр педагогтарды аттестациялаудың жаңа жүйесі енгізілген болатын. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Әрине, бұл жүйенің кейбір тұстарын әлі де жақсарту қажет. Білім министрлігі осы мәселелермен міндетті түрде айналысатын болады", - деді Аймағамбетов есеп беру кездесуінде.

Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа жүйесі негізінде алпыс алты мыңнан астам педагог ұлттық біліктілік тестін тапсырды. Соның нәтижесінде 30-50 проценттік үстемақыны алып отыр. Министр ескі және жаңа жүйенің айырмашылығын да түсіндірді.

"Аттестацияның бұрынғы жүйесін ата-аналар жиі сынап отыратын. Себебі ол кезде мұғалімдер жай портфолиосын ғана тапсырды. Сөйтіп, олардың қағазбен тапсырылған жетістіктеріне баға беріліп келген. Осыдан кейін министрлік педагогтың нақты тәжірибесін бағалау жөніндегі шешім қабылдады. Сондай-ақ, алғаш рет нақты пән және педагогика бойынша тест енгізілді ", - дейді Аймағамбетов.

Енді мұғалім алдымен өз пәні бойынша, сосын педагогикадан тест тапсырады. Бұдан кейін оның жетістіктеріне қарайды.