Мұғалімдерді артық жұмыстарға тартқандығы үшін тиісті айыппұлдар болады. Осылайша, педагогтарға қатысты шамадан тыс жүктеме азайтылмақ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының таныстырылымынан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы мұғалімдерді керек емес әртүрлі жұмыстарға тартуға тосқауыл қою мәселесін көтерді. Бұл ретте қаптаған есептер мен артық жұмыстар баршылық. Сондықтан бұл бағытта тиісті шараларды атқарамыз. Заң жобасында қажетті санкциялар қарастырылды», - деді министр.
Белгілі болғандай, мұғалімдерді оларға қатысы жоқ жұмыстарға тартқаны үшін және артық есептілікке жеккені үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, осындай айыппұл жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін де ескерілген.
«Бұл шаралар өзінің үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Мысалы, директорлар, әкімдіктер және басқа мемлекеттік органдарға қатысты. Бүгінде мектепке кімдер келмейді? Тексеруші органдар да аз емес. Керек емес әртүрлі ақпарат сұраса, мұғалімдерді жұмысына тән емес шараларға тартатын болса, онда тиісті жаза қолдануға мүмкіндік туды. Заң жобасы қабылданғаннан кейін біраз жақсы өзгерістер болады деп санаймын», - деді А. Аймағамбетов.