16 қаң, 2024 сағат 17:05

Мұғалімдер жұмыстан түнгі клубқа барғаны үшін шығарылған жоқ – білім басқармасы

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Мұғалімдер Түркиядағы трансвеститтерге арналған түнгі клубқа барғаны үшін емес, белгісіз себептермен ескертусіз жұмысқа келмегені үшін жұмыстан шығарылды, - деп хабарлады Sputnik Қазақстан Қызылорда облысының білім басқармасына сілтеме жасап.

"Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты 250 мектеп-лицейінде жұмыс істеген мұғалімдер жалақысы сақталмайтын демалыс күндерін қоспағанда 2-5 жұмыс күні аралығында белгісіз себептермен ескертусіз жұмысқа келмеген. Олар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес, өз өтініші бойынша жұмыстан босатылғанын хабарлаймыз", - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

БАҚ жазғандай, қысқы демалысын Түркияда өткізген екі мұғалім трансвеститтерге арналған түнгі клубқа барып, ол туралы әлеуметтік желілерде видео жариялаған.

Желідегі шудан кейін олар жұмыстан шығарылды. 

Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Ернұр Дәуенов этикалық нормаларды сақтау мұғалімдердің мінез-құлқы мен іс-әрекетінің қалыпты сипаты болуы керектігін айтты.

"Қысқы каникулда Түркияда түнгі клубта демалып жатқан Қызылорда облысының екі мұғалімінің әлеуметтік желіде жариялаған видеолары ата-аналар қауымының наразылығын тудырды. Мұғалімдер жұмыстан босатылды", - деп түсіндірді ол.

Дәуенов сондай-ақ ұстаздарды моральдық-адамгершілік құндылықтар талабына сай болуға шақырды.