05 қаң, 2021 сағат 18:23

Мониторингтік топ елорданың сауда, ойын-сауық орталықтарын аралады

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының бірнеше сауда орталығында санитарлық талаптарды сақтауға үндеуге бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біздің мақсат – сауда орталықтарына келушілер мен сонда жұмыс істейтін адамдарға санитарлық талаптарды сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарын өткізу. Біз санитарлық талапты бұзған адамдарды ұстап алып айыппұл салмаймыз, тек талапты бұзбауға шақырамыз. Ал хаттама толтырып, айыппұл салумен арнайы мониторингілік топ айналысады. Оның құрамында құзырлы орган өкілдері бар. Еліміздің бас санитар дәрігері бекіткен ортақ санитарлық талап бар, онда барлығы тізбектеліп жазылған. Біз соны сақтауға тиіспіз және сауда орталықтары да ережеге сай жұмыс істеуі керек. Өз тарапымыздан сауда мен бизнестің тұралап қалмауы үшін бар мүмкіндікті жасап жатырмыз. Осы орайда сауда және бизнес өкілдері де түсіністікпен қарап, тиісті талаптарды сақтағаны жөн», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Қызмет көрсету саласы және сауданы дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Ыдырысов.

Елордалықтарды санитарлық талаптарды сақтауға шақыру мақсатында құрамында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілі, полиция қызметкері және қалалық әкімдік өкілі бар мониторингілік топ 3 ірі сауда орталығын аралап, түсіндіру өткізді.

«Біздің сауда орталықта барлық санитарлық талап сақталады. Әрине адами факторлар болып тұрады. Яғни сауда орталығына маскамен кіріп, біраздан соң шешіп тастайды. Ондай жағдайда біз келушіге маска тағып жүру керектігін ескертеміз. Келушілердің арасында мен ауырып жүрген жоқпын, сондықтан маска тақпаймын деушілер де кездеседі. Талап бәрімізге ортақ, сондықтан ондай азаматтарға өтініш айтып немесе түсіндіру жұмысын өткізгеннен басқа амал жоқ», - дейді елордадағы сауда орталығының бірінің әкімшісі Лариса Потоку.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада тамақтану орындарының санитарлық талаптарды жиі бұзатыны анықталды.