1995 жылы нарыққа шыққан бойда қазақстандық монеталар бүкіл әлем нумизматтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Орындау сапасының жоғары болғаны және керемет дизайны үшін бірқатар беделді халықаралық наградаларды жеңіп алған отандық монеталар көбіне шетелдік коллекционерлердің коллекцияларында өз орнын тапты. Соңғы жылдары монеталарды коллекциялауға Қазақстанда да әуестік танытуда. Енді бастап келе жатқан қазақстандық коллекционерлерде монеталарды коллекциялау саласында көптеген сұрақтар туындағандықтан, Ұлттық Банкке келіп түсіп жатқан біртектес сұрақтарға Ұлттық Банктің Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Тоғжан ӘБІШЕВА жауап береді.
– Ұнаған монетаны Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының кассаларынан басқа қай жерден сатып алуға болады?
– 2012 жылдан бері Ұлттық Банк сайтында «Ұлттық валюта» бөлімінде монеталардың Интернет-дүкені жұмыс істеуде. Бөлімнің электрондық каталогында монеталардың сипаттамасы, бейнесі және бағасы туралы ақпарат берілген бағалы металдардан жасалған барлық монеталар ұсынылған. Монеталарды «Қазпошта» АҚ-тың EMS курьерлік қызметі «есіктен есікке» жүйесі бойынша жеткізеді. Монеталарды жеткізу мерзімі мен құны сатып алушының тұрғылықты жеріне байланысты және Қазпоштаның тарифтеріне сәйкес автоматты түрде есептеледі. Жеткізу құнына монеталардың жарияланған құнының 1%-ы мөлшеріндегі сақтандыру үшін алынатын сома кіреді.
– Монеталардың сипаттамасында «пруф сапа» деген сөз тіркесі нені білдіреді?
– Пруфф (proof) – жоғары сапалы монеталар соғудың ерекше технологиясы. Жылтыраған бетімен қатар оның бұлыңғыр бедері ондай монеталардың басты және негізгі ерекшелігі болып табылады. Осы технологиямен соғылған алғашқы монеталар Англияда пайда болған. Қазақстандық монеталардың «жылтыр» proof сапасы әлемдегі ең үздік болып танылғанын атап өтейін, 14 – халықаралық жіктеу бойынша жоғарғы класс.
Proof технологиясы бойынша соғылған монеталарға ерекше ұқыптылықпен қарау қажет: бір қате жасаған қимыл монетаның нумизматикалық құндылығын
жойып жіберуі мүмкін. Соның нәтижесінде монетаның коллекциялық құны көркемдік және эстетикалық тартымдылығының жоғалуына байланысты қайталама нарықта төмендеуі мүмкін. Осылайша, «proof» сапалы монетаны қырымен ғана және арнайы нумизматикалық мақта қолғаппен ұстаған жөн. Ал капсуланы мүлдем ашпаған жөн, бұл монеталардың коллекциялық құндылығын ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік береді.
Егер монетаны Ұлттық Банк филиалына қайта өткізуге әкелсе, бұл «кемшіліктердің» клиентке банктің монета құнын төлеуі кезінде ешбір қатысы болмайды, себебі монетадағы металдың салмағы ескеріледі.
– Қазақстан Ұлттық Банкі монеталардың қандай түрлерін шығарады, олардың барлығы төлем құралы болып табыла ма?
– Ұлттық Банк монеталардың үш түрін шығарады: айналыстағы, коллекциялық және инвестициялық. Олардың барлығы заңды төлем құралы болып табылады және еліміздің бүкіл аумағында барлық
төлем түрлері бойынша нақты құнымен міндетті түрде қабылданады. Ұлттық валютаның барлық монеталары банк шотына есептеу және аудару үшін міндетті, республиканың барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Айналыстағы монеталар. Біз оларды күнделікті өмірімізде пайдаланамыз, әмиянымызда жүреді, дүкендердің кассаларында ұсақтаймыз және т.б. Қазақстанда мұндай монеталар 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналмен шығарылады.
Коллекциялық монеталар. Бұл – ұлттық валютаның арнайы соғылған мерейтойлық, ескерткіш және өзге монеталары. Оларды дайындау кезінде соғудың күрделі технологиялары мен көркемдік безендіру әдістері қолданылады. Бұл оларға коллекциялау үшін ерекше қызығушылық тудыратын арнайы қасиеттер береді.
Инвестициялық монеталар. Олар бағалы металдардан (алтын, күміс) дайындалады әрі инвестициялау және жинақтау объектісі болып табылады. Металдың құрамы: инвестициялық монеталарда – Au 999.9; коллекциялық алтын монеталарда – Au 999; күміс монеталарда – Ag 925.
– Инвестициялық монеталардың кірістілігі неге байланысты?
– Инвестициялық монеталардың кірістілігі соғылған металдың құнына және салмағына байланысты. Мысалы, 2016 жылғы қаңтар – тамыз аралығында алтынның Лондон биржасындағы (LBMA) құны бір унция үшін 1072 доллардан 1352 долларға дейін, ал күмістің құны бір унция үшін 14 доллардан 20 долларға дейін өсті. Тиісінше, инвестициялық монеталардың да бағасы өсті.
ҚР Ұлттық Банкі инвестициялық монеталардың үш түрін сатады: «Күміс барыс», «Алтын барыс» және «Жібек жолы». Барлық монеталарда бағалы металдың құрамы 99,99%-ды (999,9 сынам) құрайды. Монеталардың салмағы күміс үшін 31,1 – 311 грамды және алтын үшін 3,11 – 155,5 грамды құрайды. Әдетте, бағалы металдың салмағы унциямен өлшенеді, бір унция 31,1 грамға тең.
– Қандай қазақстандық монета ең бірегей монета болып табылады?
– Барлық шығарылған монеталар дизайны мен тақырыбы бойынша да, пайдаланылған технологиялары тұрғысынан да бірегей болып табылады.
Мысалы, «Банкноталардағы портреттер» сериясының монеталары өздеріне шағын мәтіннің енгізілуімен тартымды, ол мәтінді үлкейтіп қана оқуға болады. «Ертеде соғылған монеталар» сериясынан «Деньга» монетасы ертеде соғылған монета түпнұсқасымен бірдей болуымен ерекшеленеді, оны шығару кезінде тесудің күрделі технологиясы қолданылды.
«Ғарыш» сериясының монеталары да бірегей, онда жер бетінде сирек кездесетін металл – тантал қолданылады. Ұлттық Банктің ғарыш саласында және медицинада пайдаланылатын танталдан монеталар дайындау жөніндегі халықаралық патенті және эксклюзивті құқығы бар екенін атап өткен жөн және ол осы ғарыш металын алғаш болып пайдаланды. Осы серияның көптеген монеталары халықаралық наградалар алды. Қазақстан осы технологияны пайдаланған жалғыз ел.
Әрбір коллекциялық монета дизайнерлер идеясын іске асыру нәтижесі болып табылады, сондықтан да олардың әрқайсысын бірегей, әрқайсысын шығармашылық ізденіс пен жоғары технологиялық орындау нәтижесі деп зор сеніммен айта аламыз.