17 қыр, 2024 сағат 10:26

Молдова президенті тікелей эфирде отырған сәтте жер сілкінді


Молдова президенті Майя Санду Moldova1 телеарнасындағы тікелей эфирде отырған сәтте жер сілкінген. Бұл туралы Sputnik Молдова агенттігі хабарлады.

Сілкініс президенттің бағдарлама жүргізушісімен әңгімелесіп отырған сәтінде болып, камераға түсіп қалған.

Тележүргізуші "Бізде бір оқиға болды: тікелей эфирде жер сілкінісі болды, мұны жақсы белгі деп үміттенемін", - деп әзілмен айтып, президентке қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Әлеуметтік желі қолданушылары Сандудың күтпеген оқиға кезінде салмақтылық танытып, сабырлы болғанына назар аударды.

"Ханымның отырған орындығы шайқалды", "Табиғат апатының үш түрі: су тасқыны, жер сілкінісі және референдум", "Санду билікте төрт жылдан бері, сондықтан иммунитеті қалыптасқан", - деп жазды желідегі пікір білдірушілер.


Басылымның ақпараты бойынша, жер сілкінісінің эпицентрі Румынияда орналасқан, ал оның магнитудасы 5,5 баллға жеткен.