ҚР Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова қайта құрылған облыстарда мәслихат депутаттары неге тікелей сайлау арқылы іріктелмегенін түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жуықта ғана жаңадан құрылған облыстардың мәслихаттары бөлінді. Заңнама бойынша бұл процесс қалай ұйымдастырылды? Неге мәслихат сайлауы болған жоқ?» - деп сұрады журналистер.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылымдар туралы заңнамада мәслихаттарды тарату туралы нормалар жоқ болған.
«Қазір осы жоқ нормалардың төңірегінде жұмыс істеп жатырмыз. Түзетулер пакетіне аталған нормаларды енгізбекшіміз. Қайта құрылымдау деген – жиынтық ұғым. Бірігуді де, селбесуді де, бөлінуді де қайта құрылымдау деп түсінуге болады. Бұл жерде 3 облыстың алты облысқа айналғанын көріп отырмыз. Осының бәрін реттейтін тәртіптің болмауына байланысты мәслихаттар қазіргі құрамы бойынша бөліне салды. Ұлттық экономика министрлігі ондағы тұратын халықтың саны бойынша тиісті жұмыс жүргізді. Мандаттардың саны осы санға сәйкес белгіленді», - деді вице-министр.
Айтуынша қайта құрылымдалған облыстардың мәслихаттары келесі сайлауда нақтылануы мүмкін.
«Мысалы, келесі мәслихат сайлауында Абай облысында қанша мандат, Шығыс Қазақстан облысында қанша мандат болатыны айқындалады. Көші-қон мәселесін ескерсек, мандаттар саны өзгере береді. Біз мәслихаттарды қайта құрылымдау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде келесіде мұндай сұрақтар туындамайды. Қазіргі заңнамада облыстар қайта құрылымдалған жағдайда мәслихаттар қайтадан сайлау арқылы жасақталуы керек пе, әлде мандаттар саны өзара бөліске түсуі керек пе деген мәселе нақты көрсетілмеген. Осы олқылықты жою жұмысын жүргізіп жатырмыз», - деді Алма Мұқанова.