14 қаз, 2019 сағат 11:28

Министрлік пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасын әзірледі

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалуы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай кезең-кезеңмен суарылатын жерлер көлемін 3 млн га дейін ұлғайтуды тапсырды. 

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров қолданыстағы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылға қарай аумағы 610 мың га болатын жаңа жерлерді айналымға енгізу көзделгенін хабарлады.  

«Бүгінде Қазақстанда 1,4 млн га суармалы жерлер бар. Егер бұған жоспарланған 610 мың га қосатын болсақ, онда 2021 жылға қарай біз 2 млн га жерге қол жеткіземіз. Ол үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», — деді министр.

Суармалы жерлер көлемін кезең-кезеңмен арттыру бойынша қойылған міндетті іске асыру мақсатында облыстардың әкімдіктері Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп МЖӘ тетігі арқылы жеке әріптестіктің қатысуымен жаңа суармалы жерлерді дамыту бойынша жобаларды іске асыру және ирригациялық желілерді салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау бойынша жұмыстарды жандандыруда. 

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлер көлемін 3 млн гектарға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 4,5 есе өсімін қамтамасыз етеді.  

«Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қолдау түрлері қарастырылған. Қазір американдық компаниямен әзірге Павлодар облысында деп шамаланған ирригациялық құрылғыларды шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз Қазақстанның өзінде ирригациялық құрылғыларды шығару біздің тауар өндірушілерге осы жабдықты төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», — деді С. Омаров.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрі ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту бойынша тапсырмасының орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.  Мәселен, оның айтуынша, барлық заңнамалық негіздер қайта қарастырылған, қосымша өзгерістер енгізу жоспарланған. Министрлік ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасын әзірледі. Осы Жол картасы аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған. 

«Қазір облыстық мәслихаттарға пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салықты 10 есеге дейін арттыру бойынша құқықтар берілген. Біз бүгінгі таңда осы салық мөлшерін 20 еседен 30 есеге дейін арттыруды көздеп отырмыз. Мысалы, Ресейде бұл салық қазір 100 есеге дейін көтерілген», — деді С. Омаров.

Сонымен қоса, ҚР АШМ ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімдерін қысқартуды жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлер тек сот арқылы алынады. Бұл рәсімге 2-3 жыл уақыт кетеді. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан егер жерлер пайдаланылмаса, онда жалға алу келісімшартын біржақты ретте бұзу туралы ұсыныстар енгізілуде. 

Сонымен қатар С. Омаров жерді пайдаланушыларды тексерудің басталуы мен нәтижелері туралы СМС хабарламалар арқылы хабардар ету тетігін әзірлеу жайлы айтып берді.  

«Жерлерді пайдаланушылардың көбі біздің қызметкерлерімізден қашады, тексеру жүргізу қажеттігі туралы хабарламаларды алғысы келмейді. Сондықтан қазір біз мұның бәрін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз, адамдарға СМС хабарламалар келетін болады. Мен бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін де, біздің қызметкерлеріміз үшін де ыңғайлы болады деп ойлаймын», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Қазір Жол картасының жобасы мемлекеттік органдардың талқылауында жатыр. Ол қосымша жұртшылықпен талқыланатын болады. 

Биыл 10 қазаннан бастап Парлмент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне АӨК реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымында мақұлдап, қол қоюға жіберді. Бұл заң жобасы үш жылға жуық уақыт бойы қаралды, онда Қазақстан Республикасының 13 кодексі мен 29 заңына 800-ден аса түзетулер енгізу қарастырылады. 

Осы заң аясында ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесінің тәсілдері өзгертіледі: міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүзеге асырылады, сондай-ақ сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу қолға алынады. 

Сонымен қатар әкімдіктер мен кедендік органдардан бақылау-қадағалау функциялары Ауыл шаршуалығы министрлігіне қайтарылады, сондай-ақ кәсіпкерлерді инновацияларды енгізуге тарту үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау қарастырылады.