10 там, 2019 сағат 16:59

Министрлік Қарулы Күштерінен шығарылған экс-министрге қатысты түсінік берді

ҚР Қорғаныс министрлігі экс-министр Сәкен Жасұзақовты әскери саладан шығару туралы ҚР Президенті Жарлығының мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Генерал-полковник Сәкен Әділханұлы Жасұзақов ҚР Президентінің өкімі негізінде 2019 жылғы 7 тамызда әскери атағы, мемлекеттік наградалары мен зейнетақы төлемдері сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тізімінен шығарылды», делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің бұйрығымен ҚР Қарулы күштерінің Тыл және қару-жарақ бастығы, ҚР Қарулы күштерінің Бас артиллериялық басқармасының бастығы мен оқ-дәрілер басқармасының бастығы,  44859 әскери бөлімінің командирі (Арыс қаласы) қажетті деңгейде бақылау жүргізбей, қызмет барысында олқылықтар жібергені үшін лауазымдарынан босатылды.

Еске салсақ, ҚР Президенті Өкімімен Арыстағы жарылысқа жол берген бұрынғы Қорғаныс министрі Қарулы күштер құрамынан шығарылып, үш жоғары әскери лауазымды тұлғаға қатаң сөгіс жарияланған болатын.

Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып кетті. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.