18 қар, 2016 сағат 11:30

Министрлік дін мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізеді

Астанада «Зайырлылық қазақстандық қоғамның тұрақтылығының негізі ретінде» тақырыбында өткен Қазақстан дінтанушыларының VI форумында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қазіргі уақытта зайырлы мемлекет қадиғасын ұстану қажеттілігін, сондай-ақ діни деструктивті ағымдардың алдын алу міндеттері тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы  ҚМДБ-ның ресми сайты хабарлады.

Ведомство басшысының айтуынша, министрлік дін мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді жоспарлайды.

«Нормативтік-құқықтық базаға, дін қызметі және діни бірлестіктер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге және сабақтас заңдарға бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт қызметкерлерінің біліктілігінің арттыру, қаржылық қамтамасыз етудегі ашықтық бойынша тиісті шараларды жүргізуді көздейді» деді Н.Ермекбаев.

Министр сонымен қатар дін саласындағы жағдай саяси және қоғамдық қауіпсіздік үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Діни қызметті реттеу мақсатында министрлік бірнеше жылға арналған дін саласындағы арнайы тұжырымдаманы әзірлемек.

«ҚР 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы Мемлекеттік саясат тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл құжат ел руханиятының басты бағдарына айналады, себебі қазіргі қоғам осы саланы реттеуді қажет етеді. Республиканың ғылыми-сарапшылық қауымдастық, үкіметтік емес ұйым және діни бірлестік өкілдері тұжырымдаманы дайындауға қатысады» деді Нұрлан Ермекбаев.

Бұдан бөлек, министр ведомство өмір сүрудің зайырлылық үлгісін және діни тағаттылық құндылықтарын назарға ала отырып, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу жұмыстарын да жүргізетінін жеткізді.