ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы оқ-дәрі сынықтары бойынша жарияланған видеоға түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«1 шілдеде әлеуметтік желілер мен ақпарат агенттіктерінде Арыс қаласында тазарту барысында жиналған оқ-дәрі бөлшектері бойынша видео таралды. Аталған фрагменттердің жарылыс қаупі жоқ және арнайы күзетілетін аумақта орналасқан. Бұл жер осыған дейін әскери өнімдер фрагменттерін утилизациялау үшін пайдаланылып келді. Сондықтан утилизациялау бекетіндегі оқ-дәрі сынықтары қауіп тудырмайды. Видео түсірілімі режімдік нысанда жүргізілгенін және қауіпсіздік режімін қамтамасыз ету саласындағы құжаттың талаптары бұзылғанын ескере отырып, ҚР Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеруді бастады», - делінген ведомство хабарламасында.
Еске сала кетейік, ҚР Қорғаныс министрлігі Түркістан облысы Арыс қаласында жарылу қаупі жоқ қару-жарақ бөлшектерін жою бойынша жұмыстарды бастады.
«Құрметті Арыс қаласының тұрғындары! Жою кезінде жергілікті тұрғындарға қауіп келтірмейтін қатты дауыстар шығуы мүмкін. Қорғаныс ведомствосы дүрбелеңге түспеуді сұрайды. Жою кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады», - деп ескертті ҚР Қорғаныс министрлігінен.