29 там, 2021 сағат 15:55

Министр Жамбылдағы жарылыс туралы: «Жарылмай қалған оқ-дәрілер бар»


ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне.Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасы жарылған әскери бөлімдегі жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі таңда екі қоймада бықсып жанып жатқан өрт ошақтары бар. Қорғаныс  министрлігінің саперлері мен өрт сөндіру қызметі сол ошақтарда жұмыс істеп жатыр. Жарылмай қалған оқ-дәрілер бар», - деп атап өткен Ильин осы мәселе бойынша жиналыс өткізілгенін айтты.

Министр сондай-ақ, қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері бықсып жатқан ошақтарды өшіру үшін су тасып жатқанын жеткізді.

«Оқиға орнында мүлікке келген залады бағалайтын комиссия жұмыс істеп жатыр. Жақын күндері қираған мүлікті қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жарылыс орнында қауіп толық сейілмегенін ескерсек, қайта жарылыс болуы мүмкін екенін естен шығармау керек», - деп мәлімдеді Ильин.

Ол сондай-ақ, теміржол бойынша жүк тасымалы тоқтап тұрғанын, ал жолаушылар тасымалы бүгін шешілетінін атап өтті.

«Қирандыларды аршып, тазарту үшін біраз уақыт керек, көп шығын кетеді. Онда оқ-дәрімен жұмыс істеп жатқан саперлердің амандығы маңызды екенін түсінген жөн. Асығыстық жасап, оларды қауіпке итермелей алмаймыз. Жарылыстың салдарын толық жою үшін арнайы жұмыс тобымен, әкімдікпен, Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, тағы екі-үш күн жұмыс істеу қажет болады», - деді Юрий Ильин.

Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрі сақталған қоймада сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласқан болатын.   

Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 13-ке жетті. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр.

Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірнеше адаммен байланыс орната алмай отыр. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды және Жамбыл ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.